Балаларды маусымдық жұқпалы аурулардан қорғау


1 Қыркүйек - Білім күні. Бұл мейрам жаңа оқу жылының бастауы ғана емес, сонымен қатар балалар арасында жұқпалы вирустық аурулар өрши түсетін уақыт.

 

"Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде" деген халық тәмсілін естімеген адам кемде-кем шығар. Дегенмен, перзенттерімізді жұқпалы вирустық індеттерден қорғау мәселесіне жеткілікті деңгейде назар аударып жүрміз бе? Тұмау маусымы балаларымыздың денсаулығына зиян келтірмесіне қаншалықты сенімдіміз?

 

Ендеше, жұқпалы вирустық аурулар маусымында жас жеткіншектерді ауырып қалудан сақтап қалудың "алтын ережесін" назарыңызға ұсынуды жөн көрдік. 

 

1. Бала бар бөлмені, яки үй ішін тұрақты түрде желдетіп отыру қажет. Ылғалды тазалық жұмыстарын жүргізуді де ұмытпаған жөн. 

 

2. Қол гигиенасы ережелерін сақтап жүру де - өте маңызды шарт! Қолды сабындап жуу, спирт қосылған антисептиктерді қолдану, көздің, мұрынның, ауыздың шырышты қабатына қолды тигізбеу әдетке айналуы тиіс.

 

3. Тыныс гигиенасын да ескеру ләзім. Түшкіргенде, жөтелгенде ауыз бен мұрынды бір реттік сулықпен жауып, артынан сол сулықты дереу утилизациялау керек.

 

4. Тұмау немесе өткір респираторлық аурумен ауыратын немесе ауыруы мүмкін адамдардан алшақ болған дұрыс.

 

5. Аурудың таралуын болдырмау үшін, жұқпалы індеттердің алғашқы белгілерін байқатқан баланы дереу оқшаулау керек.

 

6. Жұқпалы аурулар маусымында бала иммунитетіне көбірек көңіл аударған жөн. Дұрыс тамақтану, дұрыс ұйықтау, таза ауада серуендеу, дене шынықтырумен айналысу бала денсаулығына оң әсерін тигізіп, вирустерден қорғануға сеп болады. 

 

7. Шамадан тыс суықтану мен қызыну иммунитетке кері әсер етеді. Сақ болған ләзім.

 

8. Дәрігер ұсынысымен иммунитетті күшейтетін дәрі-дәрмек пен пайдалы заттарды тұтыну қажет.

 

Жұқпалы аурудың алғашқы белгілері байқалған жағдайда:

 

1. Баланы өзге адамдардан, отбасы мүшелерінен оқшаулау қажет;

 

2. Дереу дәрігер көмегіне жүгініп, өздігінен ем алуды болдырмау керек.